Жаңалықтар

19 қыркүйек 2014
Елбасы «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты

Қазақстан Президенті бірінші рет өткізіліп отырған, 15 этностың отбасылары мен 34 аралас отбасы қатысқан «Мерейлі отбасы» байқауының маңыздылығын атап өтті.

 

Өз сөзінде Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясында биік мақсат – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру міндеті қойылғандығына тоқталды.

-  ХХI ғасырдың ортасында отбасыларының басым көпшілігі тыныштық пен молшылықта өмір сүретін ел ғана ең дамыған мемлекет қатарында болады. Балаларды тәрбиелеп, оларға сапалы білім береді, аға буынға қамқорлық көрсетеді, саламатты өмір салтымен жүреді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті отбасылық қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани адамгершілік құндылықтарды нығайтудың 2015-2020 жылдарға арналған Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Мемлекет басшысы осынау маңызды жұмыстың басты орталығы Президент жанындағы Әйелдер ісі  және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия болуы тиістігіне тоқтала отырып, оның құрамын күшейту және жұмысына азаматтық қоғамның беделді өкілдерін тарту қажеттігін айтты.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті егде адамдарды жасына қарай кемсітуден қорғау үшін заңнамалық базаны әрі қарай жетілдірудің, сондай-ақ жетім балаларды асырап алған және тәрбиелейтін азаматтарға қолайлы құқықтық ахуал жасаудың  маңыздылығына назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев отбасын, ана мен баланы қолдау, адамдардың қарттығын лайықты қамтамасыз ету жөніндегі инфрақұрылымды жоспарлы түрде дамытудың маңыздылығын да атап өтті.

- Бірінші кезекте, қоғамдық негізде Бала құқығы жөніндегі уәкілетті институт құру мәселесін пысықтауды тапсырамын. Жетім және қамқоршысыз қалған балалардың бірыңғай жалпыұлттық дерек қорын қалыптастыру керек. Мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігі негізінде жұмыс істейтін, жас отбасыларға, жалғызбасты аналарға, балаларға, қарттарға жан-жақты көмектесетін  институттар желісін дамытқан жөн, -  деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы отбасылық ар-ұждан құндылықтарын нығайту жөніндегі ақпараттық жұмыстарды күшейтіп, ынтымағы мығым, тату отбасылардың үлгісін кеңінен көрсетудің қажеттігін айтты.

Қазақстан Президенті бірінші рет өткізіліп отырған, 15 этностың отбасылары мен 34 аралас отбасы қатысқан «Мерейлі отбасы» байқауының маңыздылығын атап өтті.

- Әрбір отбасының тарихы, бұл  – Қазақстан тұрмысының үлкен энциклопедиясы. Ең лайықты және құрметті отбасылар өңірлік байқаулардың жеңімпазы болды. Осы отбасылардың әрқайсысы туралы роман, повесть жазып, фильм түсіруге болады, - деді Мемлекет басшысы.

Марапаттау рәсімінде Елбасы Бимаханбетовтер отбасына диплом және отандық өндірістен шыққан әмбебап шағын автобустың кілтін тапсырды және қалған 15 отбасы да автокөліктерге ие болатынын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев жеңімпаздарды құттықтады және Қазақстанның барлық отбасыларына денсаулық, бақ-береке тіледі.

Марапаттау рәсімі Қазақстанның эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концертпен аяқталды.

Байқауға Қазақстанның барлық өңірлерінен жалпы саны 1298 отбасы қатысты. Ал ақтық мәреге смс және интернет-дауыс беру арқылы өңірлік турлар қорытындысы бойынша 16 үміткер-отбасы шықты.

Жыл сайынғы «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауы адамгершілік құндылықтарды және неке мен отбасының жағымды образын қалыптастыру, отбасы мәртебесін көтеру мақсатында Мемлекет басшысының Өкімімен бекітілген.

Елбасының сөйлеген сөзінің толық мәтінін осы жерден қараңыз.

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге іс-шараларға қатысу
Өзге іс-шараларға қатысу