Жаңалықтар

15 мамыр 2018
Елбасы «Квант» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жиһаз фабрикасына барды
Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы

Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында жиынтық жиһаз жасаудың технологиялық үдерістерімен танысты.

Қазақстан Президентіне кәсіпорынның қазіргі қаржы-шаруашылық жағдайы туралы мәлімделіп, өндіріс ауқымын ұлғайту және дайын өнім тізбесін кеңейту жоспары жөнінде айтылды.

Сондай-ақ, фабриканы аралау кезінде Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы, соның ішінде өнеркәсіп секторының, шағын және орта бизнестің қазіргі ахуалы мен перспективалары жөнінде баяндалды.

Бұдан бөлек, кәсіпорын аумағында Мемлекет басшысына индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, фин технологиясы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін жаңғырту, ірі қара мен ұсақ малдың терісін өңдеу, нан және макарон өнімдерін өндіру, химия өндірісі, дизель отынының компоненттерін сумен тазалауға арналған жобалар бар.

***

«Квант» компаниясы поролон, матрас, жиынтық және жұмсақ жиһаз жасаумен айналысады. Өндірісте қолданылатын барлық материал экологиялық тұрғыдан таза әрі мемлекеттік стандарттарға сай келеді.

Бұл жиһаздар еуропалық тауар өндірушілердің заманауи құрал-жабдығымен және озық технологияларды қолдану арқылы жасалады.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа нысандарда болу
Өзге іс-шараларға қатысу