Жаңалықтар

27 қараша 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен ТМД-ға мүше елдердің Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысына қатысушыларды қабылдады.

Қазақстанның Қорғаныс министрі Даниал Ахметов өз әріптестерінің атынан Президент Нұрсұлтан Назарбаевты Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдердің Қорғаныс министрлері кеңесі отырысының қорытындылары, сондай-ақ оның барысында талқыланған 18 мәселе жөнінде хабардар етті.


- Біздің әскери ынтымақтастығымыздағы басым бағыт – бұл, ең алдымен, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің өзара ықпалдастығы. Тараптар Достастықтың бірлескен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін одан әрі жетілдіруге ниетті, - деді Д.Ахметов.


Қорғаныс министрлері сондай-ақ ТМД-ға мүше елдердің қорғаныс күштерінің бірыңғай байланыс жүйесін құру, құрлықтағы және әскери әуе күштерінің бірлескен оқу-жаттығуларын өткізу мәселелерін талқылады.


- ТМД елдерінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65-жылдығына арналған бірыңғай медаль белгіленді. ТМД-ға мүше елдердің Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысы барысында біздер оның бейнелік тұжырымдамасын бекіттік. Алдағы уақытта медальдің нұсқасы жасалады, - деді Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі Анатолий Сердюков журналистерге арналған брифингте.


ТМД-ға мүше елдердің Қорғаныс министрлері кеңесі аясындағы келесі кездесу 2008 жылдың бірінші жартысында Бішкекте өтеді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар