Жаңалықтар

19 қыркүйек 2011
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Француз Республикасына жұмыс сапары аясында Елисей сарайында Президент Николя Саркозимен келіссөз өткізді.
01

Қазақстан мен Франция Президенттері екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды дамуын атап өтті. Стратегиялық серіктестікті нығайтуға құрамына Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес кіретін қазақстан-француз Президенттік комиссиясының қызметі мүмкіндік туғызады.

Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, 2010 жылы Франция Қазақстанның сауда серіктестері арасында (Ресей, Қытай және Италиядан кейінгі) 4-орынды иеленді. Сауда айналымының көлемі 5 миллиард долларды құрайды, бұл 2009 жылғы көрсеткіштен 28 пайызға көп.

Ядролық энергетика саласында ірі бірлескен жобалар іске асуда. Атап айтқанда, «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясы» АҚ мен «Areva» тобы арасында тығыз өзара іс-қимыл орнатылған. «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясы» АҚ мен Францияның геологиялық және тау-кен зерттеулер бюросы арасында Стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Сирек кездесетін жерасты металлы және сирек кездесетін металлдар жөнінде бірлескен зертхана құру жоспарлануда.

Қашаған кен орнын игеруге қатысатын «Total» француздық мұнай компаниясының Қазақстандағы қызметі кеңейе түсуде.

Астана қаласының әкімдігі «Alstom» компаниясымен бірлесіп жеңіл рельсті трамвай жүйесінің құрылысын жоспарлауда. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ мен «Alstom Holding» компаниясы арасында жол бұрушы электр жетегі мен сигнал жабдықтары өндірісі бойынша бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойылды.

«Қазақстан Инжиниринг» ұлттық компаниясы» АҚ «Eurocopter» компаниясымен серіктесіп Қазақстанда тікұшақ саласын дамыту жөніндегі жұмыстарды жүргізуде. «Thales» компаниясымен бірлесіп телекоммуникациялық жүйе өндірісі бойынша өнеркәсіп-технологиялық серіктестік орныққан.

«Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ мен «EADS Astrium» компаниясы арасында ғарыш саласындағы ынтымақтастық тереңдеген. «ThaiesAlenaaSpace» компаниясы «KazSat-3» байланыс спутнигін құруға қатысуда. Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-француз комитетін құру жөніндегі іс-шаралар іске асырылуда. Бұдан басқа, қазіргі уақытта қазақстандық мамандар тобы ғарыш саласы бойынша Францияда білім алуда.

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры» АҚ мен «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясы» АҚ «CEIS» компаиясының басшылығымен француздық консорциуммен фотовольттық модель өндірісі жөніндегі жоба бойынша келіссөздер жүргізуде.

Әскери саладағы ынтымақтастық туралы және әскери-техникалық ынтымақтастық туралы қазақстан-француз үкіметаралық келісімі қолданылуда. Таяу уақытта Астана мен Париж арасында тікелей авиақатынас орнатылатын болады.

2013 жыл Францияның Қазақстандағы Мәдениет жылы, ал 2014 жыл Қазақстанның Франциядағы Мәдениет жылы ретінде аталады.

Қазақстан мен Франция Президенттері 2011 жылы 27 маусымда басталған Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақтың арасындағы Серіктестік пен ынтымақтастықты кеңейту туралы болашақ келісім бойынша келіссөздердің тездетіп ақталатынына сенім білдірді.

Астана қазірдің өзінде қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы, қылмыстық істер бойынша халықаралық сот шешімдерінің жарамдылығы туралы, қылмыстық істер бойынша өндірісті беру туралы, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық және азаматтық-құқықтық жауапкершілік туралы Еуропалық конвенцияға қосылуға сұраным берді.

Николя Саркози Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен тығыз өзара іс-қимыл жасасуға ұмтылысына қолдау білдірді.

Өз кезегінде, Нұрсұлтан Назарбаев G20-ға Француз төрағалығының бастамасына қолдау білдірді.

Мемлекеттер басшылары ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитінің тарихи маңызын атап өтіп, жаһандық ауқымдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту масқатында халықаралық институттар аясындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға деген тілектерін білдірді.

Николя Саркози Нұрсұлтан Назарбаевты Ислам Ынтымақтастық Ұйымының Сырты істер министрлері кеңесіне Қазақстанның төрағалық етуімен құттықтады. ИЫҰ, ЕО және ЕҚЫҰ арасындағы өзара іс-қимылды дамытудың маңыздылығы атап өтілді. ИЫҰ-ның Ливиядағы достар тобына қатысу мәселесі талқыланды.

Мемлекеттер басшылары Ауғанстандағы реттеу және әлеуметтік-экономикалық қалпына келтіру үдерісіне көмек көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді. 2011 жылдың 13 қыркүйегінде Француз   Республикасы   Қарулы Күштерінің Ауғанстанды тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі іс-қимылдарға қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзитін қамтамасыз ету туралы үкіметаралық Келісім күшіне енді.

Келіссөздер барысында Қазақстан мен Франция Президенттері лаңкестіктің пайда болуына, қару-жарақтың жаппай таралуына және есірткінің заңсыз саудасына қарсы бірлесіп күрес жүргізу туралы өздерінің шешімдерін қуаттады.

Сонымен бірге мемлекеттер басшылары ХХI ғасырдың қауіп-қатерлеріне ұжымдық жауапты әзірлеу үшін маңызды форум болып табылатын БҰҰ-ның орталығы ретінде оның жанынан жаһандық басқаруды жақсарту қажеттігін атап өтті.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша кездесуде талқыланған барлық мәселе көрініс тапқан Бірлескен декларация қабылданды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Франция Президенті Николя Саркозиді Қазақстанға келіп қайтуға шақырды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар