Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

23 қараша 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сапармен Венгрия Республикасында болды.

Бүгін таңертең Будапештте президенттің «Шандор» сарайында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Одан кейін Президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Ласло Шойом шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер жүргізді.


Тараптар екіжақты сауда-экономикалық өзара ықпалдастықты жан-жақты талқылап, алдағы кезеңдерге арналған ынтымақтастықтың болашағы зор салаларын айқындады. Олардың қатарында – көлік және транзит, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салалары, сондай-ақ бірқатар инфрақұрылымдық және серпінді жобаларды іске асыру мәселелері.


Мемлекет басшылары өзара сауда өсімінің қарқыны екі елдің экономикалық әлеуетіне сай келмейтінін атап өтті. 2006 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Венгрия арасындағы сауда айналымы 150 миллион доллардан асты. Қазақстан табиғи газ, көмір, кокс және химиялық тыңайтқыштарды экспортқа шығарады. Венгриядан Қазақстанға өңдеу өнеркәсібі, алкогольдік және темекі өнімдері тасымалданады.


- Ойдағыдай нәтижелерге қол жеткізу үшін Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандыру қажет. Біз Президент Ласло Шойоммен осы жөнінде уағдаластық, - деді Н.Назарбаев жоғары деңгейдегі келіссөздердің қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында.


Қазақстан Индустриалдық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыру аясында Венгриядан инвестициялар мен технологиялар тартуға, өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды бірлесе іске асыруға мүдделі. Осы мақсатта Қазақстан «Қазына» орнықты даму қорының, «Самұрық» және «Самғау» мемлекеттік холдингтерінің активтерін пайдалануға дайын.


Қазақстанда қазіргі кезде 60-қа тарта қазақстан-венгрия бірлескен кәсіпорындары жұмыс істеуде, олар өнеркәсіп тауарлары, құрылыс, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу өндірісінде, сондай-ақ қызмет көрсету салаларында қызмет етеді.


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Венгрияның көлік инфрақұрылымының жоғары даму деңгейін атап өтіп, Венгрияның көлік-логистикалық әлеуетін пайдалану жөніндегі ұсыныстар «Шығыс-Батыс» көлік дәлізінің тұжырымдамасына жауап беретінін қуаттады.


Келіссөздер барысында тараптар энергетика саласындағы, сондай-ақ био- және нанотехнологиялар, шағын және орта бизнес, туризм, мәдениет, білім және ғылым, денсаулық сақтау мен спорт салаларындағы ынтымақтастықты дамыту қажеттігін атап өтті.


Мемлекет басшылары екіжақты өзара ықпалдастықтың барлық салалардағы жаңа формаларын дамыту жөнінде қол жеткізген уағдаластықтарды нық ұстануға ниет білдірді.


Келіссөздерде екі ел арасындағы саяси үнқатысуды, үкіметаралық және парламентаралық байланыстарды дамыту мәселелері маңызды тақырып өзегіне айналды.


- Осы орайда біз Венгрия басшылығына Қазақстанның 2009 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жөніндегі өтінішін қолдағаны үшін ризашылығымызды білдіреміз, - деді Н.Назарбаев.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар