Жаңалықтар

11 қыркүйек 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Маңғыстау облысына жұмыс сапары аяқталды.

 

Елбасы «Ақтау-Сити» қала құрылысы жобасын бастаудың салтанатты рәсіміне қатысты. Аталған жобаның мақсаты аймақтың туристтік әлеуетін толық жүзеге асыру, сондай-ақ іскерлік туризмді дамыту болып табылады. Жобада Біріккен Араб Әмірліктерінің және дамыған Еуропа елдерінің құрылыс тәжірибелері негізге алынған.

Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты рәсімге қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде аталған сәулет жобасының тұжырымдамасына сәйкес, «Ақтау-Сити» халықаралық стандарттарға сай қазіргі заманғы үлгідегі қала болатынын мәлімдеді.

Жаңа тұрғын үй құрылысының көлемі 4 миллион шаршы метрді, немесе әр тұрғынға 25-тен астам шаршы метрді құрайды деп қарастырылған. «Ақтау-Ситиде» тәуелсіздік аллеясы, көптеген мәдениет, білім, медицина, сауда және спорт нысандары, бизнес-орталықтар мен саябақтар бой көтермек.

Сондай-ақ мұнда қаланы электр энергиясымен және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ететін қазіргі заманғы кәсіпорындар іске қосылмақ.

Сонымен бірге, жаңа магистральді автокөлік жолдары мен жол айырықтарын салу жоспарланған.

- Таяу уақытта «Ақтау-Сити» Каспий жағалауындағы әдемі әрі келешегі зор қалалардың біріне айналарына сенімдімін, - деп мәлімдеді Елбасы.

Бүгін сондай-ақ Мемлекет басшысы «Ақтау-Сити» жобасының ашылу рәсіміне келген Біріккен Араб Әмірліктерінің сыртқы істер министрі шейх Абдалла бен Заид әл-Нахаянмен кездесті.

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында «Шоқан Уәлиханов» желкенді кемесіндегі қазақстандық тұңғыш экспедицияның дүниежүзілік теңіз саяхатына жолдама берді. Аталған жобаның мақсаты – Қазақстанның теңіз державасы ретіндегі мәртебесін орнықтыру және елімізді дүниежүзіне серпінді даму жолындағы мемлекет екенін таныту. Қазақстандық тұңғыш экспедицияның құрамы сегіз адамнан тұрады. Теңізге жол тартар алдында кемеде Нұрсұлтан Назарбаев табыс еткен мемлекеттік ту көтерілді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар