Бөлімдер санаты
Сөйлеген сөздер
Оқиғалар күнтізбесі
ДсСсСрБсЖмСнЖс
 
 
 
 
123
45678910
11121314
15
1617
18192021222324
252627282930
 
Барлық жаңалықтар

Сөйлеген сөздер

7 мамыр 2013
Қазақстан Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Отан қорғаушылар күніне арналған әскери парадта сөйлеген сөзі

 

Құрметті отандастар!

Офицерлер мен сарбаздар!

 

Бүгін – шебі бүтін, шекарасы берік қасиетті Қазақ жерін қорғайтын Қарулы Күштеріміздің құрылған күні.

Биылдан бастап біз 7 мамырды мемлекеттік мереке ретінде атап өтетін боламыз.

Мен барша қазақстандықтарды, сарбаздарымызды Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – батыр бабалардың даңқты жолы мен Отанға адал қызмет ету дәстүрін тоғыстыратын мейрам.

Аталарымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен осы ұланғайыр жерді қорғап, бізге мұраға қалдырды.

Соның арқасында бүгінде тәуелсіз мемлекет құрып, оны өркендетіп келеміз.

Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы «Өз елін мақтаныш етпеу – сатқындықпен тең» деген.

Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан.

Қастерлі отанымызға қалтқысыз қызмет ету және оны қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы.

Осынау перзенттік парызымызды біз, әсіресе әскери адамдар адал атқаруға тиістіміз!

Сонда ғана біз арманымызға жетіп, Мәңгілік ел бола аламыз.  

 

Құрметті қазақстандықтар!

Біздің даңқты Отан қорғаушыларымыз!

 

Жыл сайын армиямыз далалық жерлерде жедел және әскери дайындық бойынша 250-ден астам іс-шара өткізеді.

Әскери парад сол барлық дайындық шараларының шарықтау шегі болып саналады. 

Бұл – Қазақстан армиясы әскери бөлімшелерінің кәсіби машығының, үйлесімділігі мен мүмкіндіктерінің іс жүзіндегі көрінісі. 

Бүгін армия бөлімшелері Құрлық әскерлері мен Әуе қорғанысы күштерінің осы заманғы қару-жарақ қолдану шеберлігін көрсетеді.

Әскери парадқа 7 мың әскери қызметші, 400-ден астам әскери техника, 80 ұшақ және тікұшақ қатысады. Бұл – біздің аса ауқымды жаттығуымыздың бірі.

Сонымен қатар Каспий теңізі айлағында Қазақстанның Әскери-теңіз күштерінің кемелері жауынгерлік атыс өткізеді.

Бұл күні, 7 мамырда сардарлар мен сарбаздар нағыз патриот және өздерінің жауынгерлік ісінің майталмандары екенін іс жүзінде дәлелдеп береді. Олардың айбынды әрі өршіл ұраны – «Қуатты Армия – қуатты Қазақстан!» 

 

Құрметті қазақстандықтар!

Отан қорғаушылар!

 

Қазақстан өз армиясын мақтан тұтады, оны нығайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды.

Қарулы Күштер осы заманғы техникамен жарақтандырылуда.

Басқару жүйесіне жаңа технологиялар мен автоматтандырылған басқару жүйелері қарқынды енгізілуде.

Біздің әскерлерімізді дайындаудың интенсивтілігі мен сапасы артуда.

Мемлекет Отан қорғаушыларды қамқорлығына алып келеді.

Былтыр әскери қызмет және әскери қызметшілер мәртебесі туралы жаңа заң қабылданды.

Әскери гарнизондарда спорт кешендері, тұрғын үйлер мен жатақханалар салынуда.

Әскери қалашықтарды жоспарлы түрде көріктендіру жүргізілуде.

Қазақстанның әскери қызметшілері қазір лайықты қаржылық игілікке ие болып отыр.

Армияның тәртібі ауыр деседі, бірақ бұл ауыртпалық – ел қорғау бейнеті, қиыншылық бейнеті емес.

Армия – біздің егеменді мемлекетіміздің берік қалқаны.

Оны нық ұстап тұру – тек қасиетті борыш қана емес, зор мәртебе!

Сіздердің қызметтеріңіз – еліміздің Тәуелсіздігінің, Қазақстанның әр шаңырағының тыныштығы мен алаңсыздығының кепілі.

Мен әскери қызметшілерді, ардагерлерді және барша қазақстандықтарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын!

Өздеріңізге денсаулық,  қызметтеріңіз бен еңбектеріңізге, жауынгерлік даярлықтарыңызға табыс тілеймін! 

7 мамыр біздің мемлекетіміздің қуаты мен сенімділігін әрқашан айғақтап тұратын күн болсын!

Айбынымыз әрдайым асқақ, байрағымыз қашанда биік болсын!

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын!

Қазақстан жасасын!

7 мамыр, 2013 жыл, Отар


Барлық сөйлеген сөздер
 
Басқа сөйлеген сөздер мен үндеулер
Барлық сөйлеген сөздер мен үндеулер