Бөлімдер санаты

Сөйлеген сөздер

10 қыркүйек 2013
Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның мейлінше дамыған әлем мемлекеттерінің 30-дығына кіруі» атты Дамушы нарықтардың Еуразиялық форумында жасаған баяндамасы

 

Құрметті форумға қатысушылар!

Ханымдар мен мырзалар!

Дамушы нарықтардың Еуразиялық форумына қош келдіңіздер. Былтыр желтоқсан айында мен «Қазақстан-2050» Стратегиясын жария еттім. Ол Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің біріне айналуын көздейді. Бұл мақсатқа жетуге еліміздің толық мүмкіндігі бар. Біздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріміз бұған айқын дәлел бола алады.

Кеңестік экономиканың күйреген дағдарысы біз үшін өзінің ауқымы жағынан Америкадағы Ұлы күйзеліспен бірдей болды. Республиканың тәуелсіз мемлекет ретіндегі өміршеңдігіне, оның шекараларын сақтау мен қауіпсіздігіне күмән келтірілді. Бірақ біз бұл қиындықтарды еңсердік. Жаңа өңірлік және жаһандық дағдарыстарға қарамастан, біз өз елімізді жаңғырту жолымен сенімді алға бастық.

Біз өз болашағымызды дербес, сындарлы және батыл түрде қалыптастыра бастадық. Енді, Қазақстанда жаңа жетістіктер үшін берік іргетас қаланған кезде, біз өз мүмкіндіктеріміздің көкжиектерін кеңейтудеміз. Біз өзіміздің бәсекелестік артықшылығымызды нақты сезінеміз және оларды экономикалық және әлеуметтік табыстарға қалай айналдыру керектігін білеміз. Біз зор аумаққа, бай табиғи ресурстарға, кең ауқымды ауылшаруашылық алқаптарына және жел мен күн энергиясын дамытудың айтарлықтай әлеуетіне иеміз. Біз макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз еттік.

Жоғары экономикалық өсім тұрақты сипатқа ие болды. Біз мұнай табыстарын басқарудың тиімді саясатын жүзеге асырудамыз. Бүтіндей алғанда елдің алтын-валюта резервтері – 90 миллиард АҚШ доллары. Бұл – еліміз экономикасының 30 пайызға жуығы. Біз толыққанды нарық экономикасы мен демократиялық қоғам қалыптастыру үшін қажетті арқаулық институттар құрдық. Біз инвестициялық және бизнес-ахуалдың көптеген қырлары бойынша өңірде көш басында келеміз.

Қазақстанның халқы өсуде. Өмір сапасы мен азаматтар денсаулығының жағдайы жақсаруда, өмір сүру ұзақтығы 70 жасқа жетті. Елде жоғары білікті мамандар үлесі артуда. Біз арнаулы зияткерлік мектептер, кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту жөніндегі холдинг және әлемдік деңгейдегі университет құрдық. Біз дамыған елдердің үздік білім беру үлгі-қалыптарына қарай батыл бет алып келеміз.

Бүгінде әлем Қазақстанды өзара тиімді ынтымақтастық пен интеграцияны жақтайтын бейбіт сүйгіш ел ретінде біледі. Бізге елдің дамуы жолында ықтимал тосқауылдарға айналуы мүмкін кедергілер жақсы мәлім. Бізде халық тығыздығы төмен – қазақстандықтардың жартысына жуығы ауылдарда тұрады. Көптеген елді мекендер экономикалық өсу орталықтарынан тым шалғай орналасқан. Бұл сапалы білімге, білікті медициналық жәрдем алуға, өндіріспен айналысуға, инфрақұрылымға жаппай қолжетімділік мүмкіндігін шектейді. Біз әлі де «голланд ауруының» даму тәуекелі аймағында тұрмыз. Ел экономикасы әлі де өндіріс пен экспортты әртараптандыру үдерісінде тұр.

Тікелей шетел инвестицияларының негізгі көлемі экономиканың өндіруші секторына тиесілі. Біз еңбек өнімділігінің салыстырмалы түрде алғандағы төмен деңгейінде экономиканың жоғары энергия сыйымдылығын мұра етіп алдық. Көлік, тұрғын үй-коммуналдық және инфокоммуникациялық инфрақұрылым жаңғыртуды қажет етеді. Кедергілер – дамуды тежеуге себеп емес, бірақ өзіңді өзің жетілдіру үшін жақсы себеп.

Құрметті форумға қатысушылар!

Бүгінде «Дамыған ел дегеніміз не?» деген сауал барған сайын жиі қойылуда. Мен дамыған ел күрделі және көп өлшемді ұғым деп ойлаймын. Бүгінде отыздыққа кіретін дамыған елдер – жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі неғұрлым жоғары елдер. Бірақ бұл бар болғаны, ел дамуының сапалық өзгерулерін бейнелемейтіні үшін көптеген сарапшылардың сынына ұшыраған сандық көрсеткіш қана.

Дамыған елдердің бәрі де қызмет көрсету секторы басымдыққа ие, өнімділігі жоғары, ғылымы жетілген елдер болып табылады. Ғылыми білімдер мен өнеркәсіптің жоғары технологиялық секторы экономикалық өсімді қамтамасыз етуде негіз қалаушы рөл атқарады.

Дамыған ел туралы бүгінгі түсінікті басшылыққа алар болсақ, Қазақстанның алдында дамуда тек сапалы серпіліс жасау міндеті ғана тұрған жоқ. Үдемелі және жан-жақты қамтыған жаңғыртулар қажет.

Сараптамалық бағалаулар бойынша, жаһандық трендтердің ықпалы таяудағы 15-20 жылда Қазақстан үшін қолайлы болмақ. Мұның өзі бізге қысқа мерзімде барынша үлкен нәтижелерге қол жеткізу үшін дәл 15-20 жылға «мүмкіндіктер терезесін» бермек. Дамыған елге деген қазақстандық жол әркімнің де өзін өзгертуге, Қазақстанды өзгертуге және оны жаһандық әлемнің бір бөлігі етуге деген тілегінен бастау алуы тиіс. Жаңа сапалық дамуға деген тілек – ұлттың таяу онжылдықтардағы басты идеясы міне осы.

Біз әлемдегі дамудың түрлі нұсқаларына дайын тұрып, неғұрлым дамыған отыздыққа ену жөніндегі мақсатқа жету үшін икемді саясат қалыптастыруымыз қажет. Беймәлім әлемде табысқа жетудің кілті болып жатқан өзгерістерге сай тез әрі дұрыс әрекет ету және әлем қалай тез өзгерсе, дәл солай өзгеру мүмкіндігінде жатыр. 2050 жылы әлемнің қандай боларын ешкім де дәл болжап айта алмайды. Кейбір елеусіз оқиғалардың трендтер күйінде қалыптасып, ал кейбір трендтердің күтпеген жерден, мүлде беймәлім жақтан шыға келуі мүмкін.

1970-ші жылдары ешкім де Қытай 40 жылдан кейін әлемнің екінші экономикасы болады деп ойлаған емес. Ешкім Кеңес Одағының күйреуі мен Жапонияның «жоғалған екі онжылдығын» білген де жоқ. Қазір де дәл солай. Әлемнің шынайы бейнесінің болашақта мүлде басқаша болып шығуы мүмкін. Неғұрлым дамыған елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, ғылымды қажет ететін экономикаға көшу ғана экономика өсімінің икемділігін, ырғақтылығы мен тұрақтылығын және бүтіндей елдің әл-ауқатын бір мезгілде қамтамасыз ете алады. Сондықтан Қазақстанның әлемнің дамыған елдерінің отыздығына енуі ғылымды қажет ететін экономика қалыптастыруға негізделуі тиіс.

Ашық нарықтық экономика, меритократия, әріптестік пен прагматизм, құқықтың үстемдігі, инклюзивтілік, сол сияқты инновациялар арқылы үнемі құрылымдық өзгерістер жасау ғылымды қажет ететін экономика қалыптастырудың қағидаттарына айналуы тиіс. Бұл қағидаттар азаматтардың өз мүмкіндіктерін жүзеге асырулары үшін және кәсіпкерлік бастама үшін қажетті ынталандырулар жасайды. Олар әркімге тең құқықтар мен тең мүмкіндіктер береді. Олар барша үшін де бірдей ойын ережелерін қалыптастырады, еркіндік, адал бәсекелестік пен әділеттілік ахуалын туғызады. Олар үнемі жаңа білімдерге ұмтылу үшін, кәсібиліктің өсуі үшін ынталандырулар жасайды. Біздің бүкіл саясатымыз бен барлық шараларымыз соларға бағынып, солармен нақты келісілген болуы тиіс.

Екі ең маңызды басымдық жаңа экономикалық саясат үшін арқауға айналуы тиіс. Ол, біріншіден, инновациялардың басты қозғаушысы – адамның дамуы үшін барлық қажетті жағдайлар жасау. Екіншіден, бизнес пен кәсіпкерлік бастамаларды дамыту үшін жағдайлар жасайтын институттық ортаны жетілдіру.

Бірінші. Адам капиталын дамыту.

Білім беру ғылымды қажет ететін экономика құрудың шешуші құралы ретінде білім беру жүйесінің барлық деңгейлеріндегі жаңа сапаға бағдар ұстануы тиіс. Ол – барлық балалар үшін, соның ішінде ата-аналарының әлеуметтік мәртебесі мен материалдық әл-ауқатына қарамастан, 3 жасқа дейінгі балалар үшін мектепке дейінгі білім беру мен тәрбиенің қолжетімділігі. Ол – орта, кәсіптік-техникалық және жоғары білім беру сапасының жоғары деңгейі. Білім беру жүйесі тек білім беріп қана қоймай, сонымен бірге оларды тәжірибеде қолдану үшін қажетті дағдылар да қалыптастырып, оқытудың қазіргі заманғы тәсілдерін тұрақты түрде енгізіп, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды белсенді пайдалануы тиіс.

Бізге кәсіптік-техникалық білім берудің тиімді жүйесін қалыптастыру қажет. Астана мен Алматы қалаларында кем дегенде әлемдік деңгейдегі екі колледж салу біздің жоспарымызда тұр. Бізге бүкіл өмір бойы оқытуды енгізе отырып, еңбек рыногындағы құрылымдық өзгерістерге кідіріссіз жауап беріп отыру қажет. Жоғары білім беруді ғылымды қажет ететін экономика сұраныстарына бейімдеу үшін бізге университеттердің, ғылым мен бизнестің ықпалдастығын қамтамасыз ету қажет. Міндет білім берудің әрбір деңгейінің экономикада да, сонымен бірге өмірде де қажет болатын білімдер мен дағдыларды беруінде тұр.

Қазіргі заманғы педагог кадрларды даярлау біз үшін білім беруді дамытудың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Біз мұғалімдер біліктілігін арттыру, олардың кәсіби өсуі үшін ынталандырулар жасау және мұғалім кәсібінің қоғамдағы беделін арттыру жөнінде кешенді шаралар қабылдау жолымен келеміз.

Адам капиталының дамуы көбіне-көп өмір сапасын – денсаулық сақтау жүйесінің сапасы мен саламатты өмір салтын арттыру үшін жағдайлар жасауға байланысты. Елдің әрбір тұрғыны таза суға, ауаға және толыққанды биоресурстарға қол жеткізе алуы тиіс. Денсаулық сақтау жүйесінің сапасын арттыру үшін бірінші кезекте, біз аурудың алдын алуға және науқастарды ерте анықтауға басымдық береміз. Бастапқы медициналық-санитарлық жәрдем бүкіл қалалық және селолық елді мекендерді қамтып, біздің денсаулық сақтау жүйеміздің негізіне айналуы тиіс. Бізге мемлекеттің, жұмыс берушінің және қызметкердің өз денсаулығы үшін ынтымақты жауапкершілігі қағидатын енгізу қажет. 2015 жылдан бастап бізде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жұмыс істей бастайды.

Екінші. Институттық ортаны жетілдіру.

Біз экономикалық және саяси-құқықтық институттардың икемді және тиімді жүйесін құруымыз қажет. Олардың бірінші кезекті міндеті – кәсіпкерліктің дамуы үшін, әр азаматтың өз мүмкіндігін жүзеге асыруы және олардың құқықтарын қамтамасыз ету үшін қолайлы орта қалыптастыруды және сақтауды қамтамасыз ету.

2008 жылғы дағдарыс мемлекетті экономикалық үдерістерді реттеуде неғұрлым белсенді рөл атқаруға мәжбүрледі. Ұзақ мерзімді және тұрақты даму үшін мемлекеттің рөлін төмендету мен нарықтық тетіктерді күшейтудің баламасыз нұсқа болып табылатыны түсінікті.

Өнеркәсіп пен инфрақұрылымдық кәсіпорындардағы мемлекет меншігінің үлесін біз тұрақты түрде қысқартып отыратын боламыз. Жекешелендірудің жаңа сатысы, «Халықтық IPO», сол сияқты құнды қағаздардың үнемі жүзеге асатын қосымша эмиссиялары бұл бағыттағы негізгі шаралар болмақ.

Біз бизнесті жүргізу жағдайларын одан әрі де жетілдіріп, кәсіпкерлік бастамашылықты дамытуға жағдай жасауға тиіспіз. Ол үшін бізге әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі саясатты жүзеге асыруды жалғастырудың маңызы зор.

Бірінші кезекте халықаралық саудадағы кедергілерді жойып, кедендік әкімшілендіруді жетілдіру және бүтіндей алғанда сыртқы сауда қызметін реттеу қажет. Экономикадағы құрылымдық өзгерістер, ғылымды қажет ететін экономикаға көшу зияткерлік меншікті қорғаудың маңызын күшейте түседі. Осыған байланысты біз үшін зияткерлік меншік нысандарын қорғау құжаттарын тіркеуді жеңілдету мен жеделдету жөніндегі жұмыстардың маңызы зор.

Нарық экономикасындағы тиімділікке, қоғамдағы әріптестік пен прагматизмге қарым-қатынастардың орталықсыздандырылған жүйесі арқылы қол жетеді. Мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді айқын шектеу, жергілікті бюджеттердің кіріс көздерін нығайту және жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту өмір деңгейін өңірлік дәрежеде теңдестіру мәселелерінің шешімі болуы тиіс. Бұл мәселе мектептер, ауруханалар, ЖОО-лар қызметінің дербестігін арттыруға да қатысты. Қамқоршылық кеңестер құру тәжірибесін тарату да біздің жоспарымызда тұр.

Біз оларға үлкен дербестік бере отырып, мемлекеттік сектордың ұйымдарында корпоративтік басқару тәжірибесін дамытатын боламыз. Бірақ бұл ретте ол ұйымдар қызметінің нәтижелеріне стратегиялық бақылау жасаудың маңызы үлкен.

Заңның үстемдігіне мемлекеттік басқарудың тиімділігіне, сот жүйесінің мөлдірлігіне және баршаның да заң алдында тең екендігін толық сезінумен кепілдік беріледі. Сот жүйесі теория жүзінде емес, іс жүзінде қолжетімді және мөлдір болып, дауларды қарапайым әрі тез шешуі тиіс. Соттардың кәсіптік міндеттерін адал және таза атқаруы, сот шешімдерін қабылдаудағы олардың тәуелсіздігі бұзылған құқықтардың тиімділікпен қалпына келуіне кепілдік береді. Ол қоғамда соттың әділдігіне, туралығы мен тәуелсіздігіне деген сенімді нығайтады. Бұл – біздің міндетіміз.

Сыбайлас жемқорлықты жою – кәсіпкерлік бастамашылықтың өсуі мен елдің әр азаматының шығармашылық дамуына бастайтын басты алғышарттардың бірі. Біз құқық қорғау жүйесіне кешенді институттық реформа жүргізіп, адамның өз міндеттерін адал атқаруына ықпал ететіндей жаңа институттар мен қарым-қатынастар жүйесін құратын боламыз. Бұл талаптардың бәрі Үкімет таяу уақытта Парламентке енгізетін жаңа Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстерінде шешімін табады.

Бізге мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін құру қажет. Мемлекеттік қызметте меритократия қағидаттарын тереңдету, «әлеуметтік лифтілер» құру, кәсібилікті нығайту, оның ішінде «А корпусының» тиімді менеджерлерін қалыптастыру есебінен нығайту принципті тұрғыда маңызды.

Биыл Қазақстанда 2,5 мың дерлік аудандық маңыздағы қалаларда, селолық округтерде, кенттер мен ауылдарда әкімдер сайлауы өткізілді. Бұл қоғамды одан әрі демократияландыру жолындағы ауқымды қадам. Біз одан әрі де жергілікті өзін өзі басқару институтын нығайта отырып, демократиялық реформаларды сатылап тереңдете беретін боламыз.

Институттық ортаны жетілдіру мен адам капиталын дамыту біздің елімізге ұзақ мерзімді перспективада ғылыми ауқымды экономика мен бәсекелестік қалыптастыру үшін берік іргетас қалайтынына сенімдімін. Осы екі басты басымдық таяудағы онжылдықта басым бағытқа ие болулары тиіс. Институттар мен адам капиталының күшті базасы Қазақстан ұзақ мерзімді перспективада ауқымды өзгерістерді жүзеге асырып, жаһандық өзгерістерге қарсы тұра алатын негіз болады.    

Енді аумақтық даму туралы. Бұл – біздің ұлан-байтақ аумағымызды және тұрғындардың сирек қоныстануын есепке алғанда маңызды мәселе. Біздің таңдауымыз – қала агломерацияларын – экономикалық өсім нүктелерін оларға жапсарлас жатқан спутник-қалалармен қоса дамыту. Еліміздің ұзақ мерзімді мақсаттары әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті төрт агломерация-мегаполис пен бірқатар «ақылды», «жасыл», жайлы және қауіпсіз қалалар қалыптастыру болады. Бұл ғылыми ауқымды экономика қалыптастырудың қолға ұстарлықтай қаңқасы болады. Өзге елдердің тәжірибесі инновациялар ірі қалаларда дамиды деп үйретеді.

Тұрғындардың тығыз қоныстануы, инфрақұрылымдардың әртараптандырылуы мен дамуы, адам капиталы білім алмасу мен таратуды күшейтеді. Бұл өзгерістер инновациялар мен экономиканың жаңа бағыттарының туындауы үдерістеріне ықпал етеді.

Біздің аса ірі қалаларымыз – Астана мен Алматы агломерация орталықтары бола алады. Оларға басқа қалаларды да қосуға болады.

Бұл қалаларда шағын және орта бизнес белсендірек дамыса, оларда еңбекке жарамды халықтың үлкен үлесі тұрады, оларда барынша дамыған инфрақұрылымдар бар. Енді біз олардан ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін, инновациялар мен кәсіпкерлікті дамытатын ірі орталықтар қалыптастырып, интеллектуалдық-инновациялық кластерлердің немесе ғылыми парктер деп аталатындардың желісін құруымыз керек.

Алғашқы интеллектуалдық-инновациялық кластер бізде қазірдің өзінде Астанадағы Назарбаев Университеті арқауында қалыптастырылуда. Кейін аталған тәжірибе басқа агломерацияларға көшірілуге тиіс. Олар жоғары сапалы білім беруді, ақпараттық және көліктік қызмет көрсетуді ұсыну, бәсекелестіктің интенсивтілігі, сондай-ақ инвестициялар үшін жағымды жағдайлар есебінен ел тұрғындарын тартудың орталықтары болуы тиіс. Осы өсу орталықтарында заманауи инфрақұрылымдарды енгізу – жүрдек автобус маршруттары мен жеңіл рельсті трамвай желілерін және метроны дамыту, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды кеңейту қажет.

Бізге ғылым мен инновацияларды дамыту мен қолдау жөніндегі институттардың тиімділігін арттыру қажет. Бұл үшін венчурлық қаржыландыру, зияткерлік меншікті қорғау, зерттеулер мен инновацияларды қолдау, сондай-ақ ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыру бойынша заңнама жетілдірілуі тиіс болады.

Құрметті форумға қатысушылар!

Білім экономикасына көшу үшін біз энергетикалық ресурстарды басқару, қайталама қуат көздерін дамыту мен қуат тиімділігін, индустриялық дамуды қамтамасыз ету саласында өзіміздің стратегияларымызды теңдестіруіміз және үйлестіруіміз керек.

Бірінші. Көмірсутегі ресурстарын басқаруға қатысты қадамдарымызды өзгерту.

Шикізат қорлары, атап айтқанда, энергия ресурстары мемлекет табысының арқаулық көзі болудан қалуы, бірақ көп салалы ұлттық экономиканың өсімін қолдауы тиіс. Бұл Үкіметтің өзекті міндеті. Осыған байланысты энергетика саласындағы саясат бірізділікке, орнықтылық пен энергия ресурстарын пайдалануда экологиялық қауіпсіздікке қайта бағдарланған болуы тиіс. Бізге мұнай қорларының ұзақ мерзімді экспорттық әлеуетін сақтап, қайталама қуат көздерін дамыту, сондай-ақ энергия тиімділігін қамтамасыз ету қажет.

Мұнай қорларын басқару саясатында түрлі тәсілдерді – оларды өндірудің басқыншылық сценарийінен консервативтік сценарийіне дейінгі тәсілдерді мұқият қарастыру қажет. Ұзақ мерзімді перспективада активтердің үш түрінен – кен орындарындағы мұнай қорларынан, Ұлттық қордағы қаржы активтері мен әлеуметтік инфрақұрылымдардан – алынбаған мұнай қорлары табыстылықтың оң деңгейіне ие. Ресурстарды өндірудің қандай деңгейі бізге жеткілікті екенін анықтап, соған тоқтау қажет.

Консервативтік тұрғыдан келгенде 2050 жылға дейін мұнай қорларын өндіру мен экспорттаудың орнықтылығы және Ұлттық қорға кірістердің түсу тұрақтылығы қамтамасыз етіледі. Басқыншылық сценарийі жағдайында біз мұнай қорларын экспорттау мүмкіндігін тез жоғалтып аламыз. Бұдан бөлек, бұл «голланд ауруын» дамыту тәуекелін айтарлықтай күшейтеді.

Екінші. Энергияның баламалы көздерін дамыту және қуат тиімділігін арттыру.

Қазақстан энергияның баламалы көздерін дамыту үшін айтарлықтай әлеуетке ие және 2050 жылға қарай солардың есебінен экономиканың энергия сыйымдылығын бір мезгілде қысқарта отырып, электр энергиясының жалпы көлемі өндірісінің 50 пайызын қамтамасыз ете алады. Бізге 2050 жылға дейін экономиканың энергия сыйымдылығын төмендету мақсатында ел экономикасының қуат тиімділігін Қытай деңгейіне дейін жеткізу қажет. Бұл 2020 жылға дейін қуат тұтынуды жыл сайын төмендету 2,5 пайыздан, 2020 жылдан кейін 3,5 пайыздан кем емес болуы тиіс дегенді білдіреді.

Ол үшін бізге Таза энергетиканы дамыту жөніндегі агенттік, Энергияның баламалы көздері саласындағы жобаларды қолдау жөніндегі қор құруды, энергия сервистік компаниялар мен «Қуат тиімділігіндегі көшбасшы» бағдарламасын жасауды қоса алғанда, кешенді институттық қадам қалыптастыру қажет.

Үшінші. Индустриялық саясатқа түзету енгізу.

Біз индустрияландырудың ағымдағы басымдықтарын оңтайландырып, «өндірістің қатып-семген салаларынан» бас тартуымыз керек. Бізге үдемелі индустриялық-инновациялық саясат жүргізу үшін басымдық берілген салалардың санын шектеу қажет.

Керісінше жағдайда бұл ресурстардың желге ұшуы мен нақты нәтижелердің жоғалуына соқтырады. Болашақта бәсекеге қабілетті болу үшін бізге қазірдің өзінде өндірістің жоғары технологиялы салаларына мамандану қажет. Осыған байланысты өндірістің «таза энергетика», роботты техника, нанотехнологиялар, ауыл шаруашылығындағы гендік инженерия және аэроғарыштық өндірістегі бос технологиялық қуыстар секілді салаларында зерттеу әлеуетін күшейту қажет.

Біз сондай-ақ қызмет көрсетудің жоғары технологиялы секторын, бірінші кезекте, геологиялық барлау және инжинирингтік қызмет көрсету, ақпараттық-коммуникациялық қызмет көрсету, сондай-ақ реакторлар мен атом стансалары өндірісі мен оларға қызмет көрсету бойынша кешенді қызметтер қалыптастыруымыз керек.

Ауыл шаруашылығы секторы ұзақ мерзімді даму перспективасында орасан әлеуетке ие екені сөзсіз. Азық-түлік тауарларына өсе түсіп отырған әлемдік сұраныс, дамушы елдерде тұрғындар санының артуы, жаһандық климаттық өзгерістер осы секторды дамыту үшін айтарлықтай қызығушылық туғызады. Бізге жаңа технологиялар енгізіп, құрғақшылықты және жартылай шөлейт өңірлердегі бұған дейін игерілмеген жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына қосу маңызды. Ауыл шаруашылығы саласында ғылыми зерттеулерді белсенділендіру, саланың инвестициялық тартымдылығын жоғарылату үшін жағдай жасау және қаржыландыруға қол жетімділікті кеңейту маңызды. Ресурстарды тиімді пайдалануға, оның ішінде гендік-модификацияланған азық-түлікті дамыту арқылы көшу маңызды.

Экономикалық саясатқа жаңа қадамдар «жасыл экономика» қағидаттарымен үйлесім табуы тиіс. Бұл – орнықты даму, экономиканың төмен энергия сыйымдылығы, энергияның баламалы көздерін дамыту мен ресурстарды тиімді пайдалану. Бұл – қоршаған ортаға аз әсер ететін инновациялық даму.

Соңғы айтарымыз – ықпалдастық мәселелері.

Ел аумағының ұзаққа созылып жатқаны, тұрғындар санының аздығы, теңізге шығу жолының жоқтығы Қазақстаннан ашық, белсенді ықпалдастық саясат пен елдің әлемдік қоғамдастықтың белсенді мүшесі ретінде қалыптасуын талап етеді. Бұл бір ғана себеп емес. Елдердің халықаралық сауда үшін ашықтығы барлық жедел дамушы елдерде орнықты өсуге қол жеткізу себептерінің бірі болды.

Қазіргі әлемнің соғыстан кейінгі кезеңдегі дамыған елдері осындай жолдармен жүрді.

Біз еліміздің географиялық басымдығын Еуропа мен Азияның тоғысында орналасқан ел ретінде пайдалана аламыз. Транзиттік әлеует дамудың үлкен перспективаларына ие. Ашықтық пен прагматизм біздің басқа мемлекеттермен саудадағы өзара қатынасымыздың барлық бағыттарына дендей енуі тиіс. Бұл Кеден одағына, ДСҰ-ға және Орталық Азия өңіріне қатысты.

Көрші елдердің тұрақты экономикалық дамуы мен әл-ауқатының жақсаруы Қазақстан дамуына оң ықпал ететін болады. Осы елдердегі игіліктің артуы сондай-ақ есірткі трафигінің өсуімен, терроризм, діни экстремизм қатерімен және этностық жанжалдардың ушығуымен байланысты әлеуетті тәуекелдерді азайтуға да ықпал ететін болады.

Құрметті форумға қатысушылар!

Мен өзімнің Қазақстанның ұзақ мерзімді перспективадағы дамуына болжамым мен көзқарасымды ықшам түрде мазмұндап бердім. Іс-қимылдың егжей-тегжейлі жоспары жасалып жатыр және жақын арада жарияланатын болады. Мұның Қазақстанның барынша дамыған мемлекеттердің отыздығына енуіне және 2050 жылдан кейінгі жаңа шептерді еңсеру үшін негіз қалауға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Біз бұл жұмыстарға кірісіп кеттік. Өткен жылы Үкіметке Қазақстанның аса дамыған елдердің отыздығына ену тұжырымдамасын жасауға тапсырма берілген еді.

Бүгінгі талқылауды ескере отырып Үкіметке тұжырымдама жобасын жасау барысында айтылған ұсыныстарды қаперге алу және үстіміздегі жылдың соңына дейін жоба жасау жұмысын аяқтау керек. Біз 20 жылдан астам уақыттан бері жұдырықтай жұмылып, бүгінгі барымызға – қоғамның игілігіне, қуатты, жедел дамыған экономикаға қол жеткіздік. Бұл – сөреден жаңа аттанулар үшін сенімді негіз. «2030 Стратегиясын» орындай отырып, біз елімізді одан әрі  дамытатын қазіргіден де күрделі міндеттерді шешуге қабілетті қалыптасқан мемлекет болдық. Бірақ біздің келесі ұрпағымыздың лайықты да сенімді болашағы үшін бүгін әлі де көп нәрсе істеуіміз керек.

Біздің төңірегіміз де өзгерді. Ол біздің өзіміз секілді өзгеруін жалғастыратын болады. Уақыт – зымыран. 37 жылдан соң келетін 2050 жылғы перспектива қазір дерексіздеу, бұлдыр көрінгенімен, тарихи өлшемі бойынша аз ғана уақыт аралығы болып табылады. Осы кезге дейін уақыт біздің одақтасымыз болып келді, әрі қарай да осылай болады деп үміттенемін. Сондықтан біз болашаққа қойылған мақсаттарымызды барынша қамтамасыз ету үшін бүгін іс-қимыл танытуымыз қажет.

Алдымызда мақсат болған жағдайда, біз қайда ұмтылсақ, қашанда сонда келеміз. Мен біздің болашақ ұрпақтарымыздың өзінің мәдениеті мен дәстүрін сақтаған, азат, үлкен мүмкіндікке ие бейбіт Қазақстанда тұрғанын қалаймын. Заңдары жеке бастамаларын ынталандыратын және қоғам мүддесі үшін іс-қимыл танытатын елде өмір сүрсе екен деймін. Өзара жауапкершілікті және әріптестікті қоғамда ғұмыр кешсе екен деймін.

Мен қазақстандық ғалымдар мен зерттеушілердің химияда, генетикада, физикада және техникада әлемдік көшбасшылар тарапынан мойындалғанын, ал кәсіпкерлеріміз жаңа технологияларды қолдануда көшбасшылар болғанын қалаймын. Қазақстандықтар өмір сүрудің жоғары стандарттарына ие әлемдегі аса саламатты ұлттардың бірі болады деп үміттенемін. Дами және өркендей отырып, бейбітсүйгіш ел және сенімді әріптес болып қала отырып, Қазақстан әлемдегі жетекші елдер қатарынан табылатын болады. Бұған мен күмәнданбаймын!

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

2050 жылы дамыған Қазақстан қандай болатынын ой елегінен өткізе отырып, мен еліміздің даму прогресін бағамдайтын тарихшыны көз алдыма елестетуге әрекеттендім.

2050 жылдың басында Үкімет өткен жолдың қорытындысын шығарса, ал қазіргі студент – болашақ тарихшы былай деп жазар: «2012 жылдың желтоқсанында сол кездегі Президент әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену мақсатын жариялады. Біз бұл мақсатқа қол жеткіздік.

Қысқа ғана қырық жылдай уақыт ішінде адам басына 12 мың АҚШ долларынан келетін орташа табысы бар елден біз аса дамыған 30 мемлекеттің қатарында тұратын деңгейге көтерілдік. Біз жеке бастамаларды қолдайтын және тұрғындардың әлсіз жіктерін тиімді қорғауды қамтамасыз ететін институттар құрдық. Біз табиғи ресурстарымызды дамуымызды тежейтіндей емес, қолдайтындай етіп пайдаландық. Біздің экономикалық табысымыздың үлкен бөлігіне жедел индустрияландыру мен қызмет көрсету салаларын дамытудың арқасында қол жетті. «Жасыл экономикаға» өту жүзеге асырылды. Қазақстан еңбек ресурстары базасын дамытуда зор  табыстарға жетті. Бізде әлемдегі аса жетекші білім беру жүйелерінің бірі орныққан. Еліміз өз азаматтарының медициналық көмекке сұраныстарын қанағаттандыруда көш бастап келеді.

Біз – бейбіт елміз. Ешбір елге қатер төндірмей, баршаға құшағын бірдей жайған дос бола отырып, Қазақстан әлемдегі жетекші елдер қатарынан лайықты орын алды. Енді біз көшбасшылығымызды одан әрі нығайтуға тиіспіз. Жаңа ұрпақ бұл сынақтарды құштарлықпен және табысқа сенімділікпен қабылдағанын қалаймын».

Назарларыңызға рахмет!  

 


Барлық сөйлеген сөздер
 
Басқа сөйлеген сөздер мен үндеулер
Барлық сөйлеген сөздер мен үндеулер